«ҮЗДІК АУДАРМАШЫ» БАЙҚАУЫ

2018 жылдың 21 мамырында Тілдерді дамыту бөлімінің 2017-2018 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес факультеттер мен ЖМ оқытушылары арасында «Үздік аудармашы» байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың басты мақсаты М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессор-оқытушылар құрамы арасынан қазақ - орыс - ағылшын тілдері арасында жазбаша аударма жасай алатын оқытушыларды анықтау, тілді еркін меңгерудің маңыздылығын ұғындыру, тілдерді еркін меңгерген, аудармашылық қабілеті бар оқытушыларды ынталандыру болатын.

Байқау техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша берілген мәтінді қазақ, орыс және ағылшын тілдері аралығында жазбаша аудару түрінде өткізілді. Аударма көлемі А4 форматтағы 1 бетті құрап, оқытушыларға 2 сағат уақыт берілді. Оқытушылардың салалық, терминологиялық сөздіктерді қолдануына рұқсат берілгенімен, ұялы телефон, планшет, т.б. электронды құралдарды қолдануға қатаң тыйым салынды.

Байқауда барлығы 14 оқытушы бақ сынап, олардың жұмыстары келесі аударма сапасын бағалау критерийлері бойынша бағаланды: аударманың толыққандылығы бойынша; баламалылығы бойынша; мақала атауының аудармасы; қысқартылған атаулардың аудармасы; жалқы есімдердің аудармасы; шетелдік компаниялар және т.б. атауларының аудармасы.

ТДБ аудармашылары мен мамандарынан тұратын сарапшылар тарапынан талданып, үздіктер анықталды. Сарапшылар қорытындысына сәйкес Бас жүлде Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінің Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы кафедрасының оқытушысы Ж.К.Джанмулдаеваға бұйырса, 1-орын Механика және мұнайгаз ісі факультетінің «Техникалық мамандықтарға арналған жоғары математика және физика кафедрасының оқытушысы Д.Т.Пазыловаға, 2-орын  Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінің Цемент, керамика және шыны технологиясы кафедрасының оқытушысы Ж.М.Айтуловаға, 3-орын Ақпараттық технологиялар және энергетика жоғары мектебінің Ақпараттық жүйелер және модельдеу кафедрасының оқытушысы Ә.М.Егеноваға берілді. Үздік деп танылған 4 жұмыс арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы еңбек жолдарында толағай табыс тілейміз!