Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті

Профессор-оқытушылар құрамы

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қолға алған ірі шараларының бірі - тағдырдың тәлкегімен әлемнің әр түкпіріне шашырап кеткен қандастарымызды атажұртқа оралту және шетелдердегі қазақ жастарына Қазақстанда білім беруді қолға алу болды. Осы мақсатта елбасымыздың салихалы саясатының негізінде қазақ жастарына тегін білім беріп, ЖОО-на дайындау ісі дұрыс жолға қойылып отыр. Міне, осының нәтижесінде біздің факультетіміз дүниеге келді.

Факультет мынадай бағыттар бойынша жұмыс жүргізеді:

  • Университеттің күндізгі бөлімінде оқитын шетел студенттерімен жұмыс жүргізу;
  • Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған тегін және ақылы дайындық курстары;
  • Шетел азаматтарына арналған ақылы негіздегі дайындық курстары;
  • Облыс және қала мектеп бітірушілеріне арналған дайындық курстары.

Бүгінде факультетте әлемнің 13 елінен келген 700-ден астам студент өздері таңдаған мамандықтар бойынша білім алуда. Сонымен қатар факультетте 100-ге жуық шетелдік қазақ жастары жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын дайындық бөлімінде өз білімдерін шыңдауда. Курсты бітірушілердің басым көпшілігі кешенді тестілеу сынағынан сүрінбей өтіп студент қатарына қабылдануда.

Студенттер мен тыңдаушыларға білім алу үшін қажетті жағдайлар толық жасалынған. Кітапханалар, оқу залдары оларға тегін қызмет көрсетеді. Ғылыми ізденіс үйірмелері, шығармашылық студиялар, спорттық  үйірмелер тыңдаушылар үшін сабақтан бос уақытты мазмұнды әрі қызықты өткізуге септігін тигізеді. Жатақхана оқу ғимараттарына жақын орналасқан. Міне, осылардың барлығы да жастардың алаңсыз білім алуына ықпал етеді.

Шетелдік жастардың жаңа ортаға тезірек бейімделіп кетуі үшін олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына қолдау көрсетіледі, олардың бір-бірінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдебиетті танып білуі үшін танымдық іс-шаралар үздіксіз өткізіліп тұрады.

Факультет студенттері мен тыңдаушылары халықаралық, республикалық, өңірлік байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Факультет түлектерінің көпшілігі атажұртта қалып, өмірде де, еңбекте де өз бақытын тауып, Қазақстанның өсіп өркендеуіне өздерінің лайықты үлесін қосып жүр.

 

Құрметті талапкерлер!

Шет елдерде тұратын қымбатты қандастар!

Сіздерді толғандырып жүрген сұрақтарыныз болса біздің сайтқа жолдауларыңызды, ойларыңызбен бөлісулерінізді сұраймыз. Біз өз тарапымыздан қолдан келген көмегімізді сіздерден аямаймыз. Біздің парақшамызға қош келдіңіз! Құшағымыз сіздерге әрқашанда айқара ашық!                                                                        

Ізгі ниетпен

«Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу

 және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық

факультетінің деканы, тарих ғылымдарының

докторы, Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы