ЖАҢҒЫРУ ЖАЗУДАН БАСТАЛАДЫ

28 ақпан 2019 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ Тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңғыру жазудан басталады» тақырыбында (ҚР Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес бекітіліп, 2018 жылдың 19 ақпанында №637 Жарлығымен өзгерістер енгізілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі туралы) ақпараттық-танымдық семинар болып өтті. Семинарға ОҚМУ оқытушы-профессорлар құрамы, факультет/ЖМ іс жүргізушілері, Ақпараттық білім беру орталығының қызметкерлері, т.б. қатысты. Оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Қ.С.Байболовтың, Тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі А.А.Жамантаеваның сөздерімен ашылған семинарда «Оңтүстік» телеарнасының «Объектив» атты бағдарламасының Тілдерді дамыту бөлімінің жұмысына, соның ішінде латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін насихаттау, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарына арналған бейнеролигі қатысушылар назарына ұсынылды.

Тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік тіл бойынша жоғары білікті маманы А.К.Амиркулова «Жаңа емленің жаңалықтары» деген атпен презентация ұсынып, онда берілген 2019 жылғы 21 қаңтарда жарық көрген Латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің жаңа емле ережелерінің жобасы, тың жаңалықтары мен ерекшеліктері қызу талқыға түсті.

Қазақ тілінің оқытушысы А.Қ.Смайылдың баяндамасы да қатысушылардың көңілінен шығып, өздерін қызықтыратын сұрақтарына жауап алды.

Семинар соңында ТДБ жетекшісі А.А.Жамантаева жаңа емледегі әріптердің жазылуына байланысты ойын түрінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, тыңдаушылармен тікелей жұмыс жасады. Олар ортаға шығып, жаңа әліпбимен жазуда жарысып, өздерінің ойларымен, пікірлерімен бөлісті. Семинар соңында Құрылыс және көлік факультетінің «Көлік, тасымалдауды және қозғалысты ұйымдастыру кафедрасының оқытушысы, т.ғ.к. доцент Н.С.Тағаев сөз сөйлеп, ТДБ ұжымына алғыс білдірді. Семинар қатысушыларға сертификат табыс ету салтанатымен аяқталды.