Мырхалықов Жұмахан Үшкемпірұлы

 

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры

техника ғылымдарының докторы, профессор

 

        Қабылдау уақыты: Сейсенбі, бейсенбі 15:00-17:00

 

        Мырхалықов Жұмахан Үшкемпірұлы- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарыны докторы, профессор, ҚР ҰИА корреспондент-мүшесі. Қазақстан Республикасы Құрметті білім беру қызметкері.

1954 жылы 16 сәуірде Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келді.

1976 жылы А.Н.Косыгин атындағы Еңбек Қызыл Тулы Мәскеу тоқыма    институтын бітірді, осы жерде 1983 жылы кандидаттық диссертация қорғады.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтында  оқытушы, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.

         1985-1993 жылдар аралығында жіп иіру фабрикасының директоры қызметін қоса атқарды.

         1995 жылы Қазақстан Республикасында тұңғыш рет М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде тоқыма өнеркәсібі мамандарын дайындайтын кафедраның, соңынан факультеттің негізін қалады. Ж.Ү.Мырхалықов ҚР БҒМ Жіктеуішіне енгізілген «050733-тоқыма материалдардың технологияясы мен жобалау» мамандығы бойынша жоғары кәсіби білімді мамандар дайындау қажеттілігін негіздеді.

         1998 жылдан 2008 жылғы қыркүйек айына дейін М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Жеңіл, тоқыма және тамақ өнеркәсібі» факультетінің деканы болып жұмыс істеді.

          2007 жылы ҚР ҰҒА жанындағы ҚР ҰҒА Ө.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтында «Тоқыма өндірісінің көпроторлы машиналарының динамикасы» тақырыбында техника ғылымдарының докторы ғылыми атағын алу үшін докторлық диссертация қорғады.

         Ол 160-тан аса ғылыми еңбектердің авторы, оның ішінде 16 авторлық өнертабыс куәлігіне ие, 5 оқулығы, 20-дан астам оқу құралдары бар. Оның жетекшілігімен 3 кандидаттық, 3 РhD докторлық және 10 магистрлік диссертация қорғалды.

         Ол орындаған бірқатар жобалардың нәтижелері ТМД өнеркәсіптік кәсіпорындарына ендірілді, халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды және КСРО БХШЖ көрмесінде күміс медальға ие болды.

         «Industrial technology and engineering» халықаралық ғылыми журналының, «Механика және үдерістер мен технологияларды моделдеу» және «Оңтүстік Қазақстанның ғылымы мен білімі» республикалық ғылыми журналдарының редакциялық алқа мүшесі.

          1999-2007 жылдар аралығында Тараз қалалық мәслихатының I-ші және II-ші шақырылымдарының депутаты, Тараз қалалық мәслихатының білім және мәдениет бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы болды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Құрметті білім беру қызметкері» төсбелгісімен және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

        Ж.Ү.Мырхалықов -   тоқыма өндірісі саласында белгілі ғалым және жоғары мектептің тәжірибелі ұйымдастырушысы ретінде 2008 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жұмысқа шақырылды. Оның жетекшілігімен жеңіл және тамақ өнеркәсібі факультеті құрылды, заманауи материалдық-техникалық және зерттеу базасы құрылды, жаңа ғылыми бағыттар және оқу-әдістемелік кешендер ашылды, танымал ғалымдар мен мамандар шақырылды.

         Ж.Ү.Мырхалықов Қазақстанның оңтүстігінде тоқыма материалдарын өндіру технологиясы ғылыми бағыты мен тоқыма кластерін кадрлармен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру мен дамытуға маңызды үлес қосып келеді. Оның бастамасымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да бакалавриат пен магистратураның жаңа мамандықтары ашылды, өнеркәсіптік кәсіпорындармен тығыз байланыстар орнатылды. Жоғары ұйымдастыру дәрежесі мен мамандар дайындау сапасы Ж.Ү.Мырхалықов басқарып отырған факультетке университетте жетекші орында болуға және еңбек нарығында бітірушілердің жоғары дәрежеде жұмыспен қамтылуына мүмкіндік берді. 

        Жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласында кәсіпқой ретінде халықаралық танылуы Ж.Ү.Мырхалықовқа Британ кеңесі қаржыландыратын Қазақстан мен Ұлыбританияның ұзақ мерзімді әріптестігі аясында INSPIRE «Ғылым және білім саласындағы халықаралық стратегиялық әріптестік» бағдарламасының халықаралық жобасын басқаруға мүмкіндік берді. Осы бағдарламаны Манчестер Метрополитен университеті  және «Оңтүстік» АЭА-мен бірге жүзеге асыруда Қазақстан мен Ұлыбритания жоғары оқу орындарының тоқыма кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуын, өндіріске озық технологияларды ендіруді және шетелдің жетекші оқу орындарымен қос дипломды білім бағдарламаларын әзірлеуді қамтамасыз етті.

          Мырхалықов Ж.Ү. Оңтүстік Қазақстан облысының мақта-тоқыма кластерін дамыту мен «Оңтүстік» АЭА-ның қалыптастыруға ерекше үлес қосты, «Оңтүстік» АЭА-да жыл сайын өткізілетін семинар-жиынды ұйымдастыру комитетінің тұрақты төрағасы болып табылады.

2009 жылғы қыркүйектен бастап - «Жеңіл және тамақ өнеркәсібі» факультетінің деканы.

         2009 жылы ҚР БҒМ«Жылдың үздік оқытушысы» грантын иеленді.

Алматы, Манчестер (Ұлыбритания), Исламабад (Пәкістан) қалаларындағы бакалавриат пен магистратура бойынша халықаралық бағдарламаларын дайындау симпозиумдарына қатысты. 

         2010 жылдан бастап ҚР ИҒА корреспондент-мүшесі.

2011 жылғы қаңтардан бастап М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың инновациялық қызмет жөніндегі проректоры қызметін атқара бастады.

         Инновациялық қызмет жөніндегі проректор лауазымын атқара жүріп Ж.Ү.Мырхалықов инновациялық инфрақұрылым мен аймақтық технопарк құру жұмысын ұйымдастыруда маңызды үлес қосты. Оның жетекшілігімен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ды зерттеу университетіне айналдыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді.  

          Ж.Ү.Мырхалықовтың белсенді жұмыс атқару нәтижесінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың ғылыми және инновациялық қызметі жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Университет еліміздегі инновацияға бағдарланған жоғары оқу орындары қатарына кірді, Ғылыми жобаларды комменцияландыру кеңсесін қаржыландыру конкурсында жеңіске жетті, «ҚазАтомӨнеркәсіп» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниялары үшін, сонымен қатар басқа да жетекші өнеркәсіп кәсіпорындары үшін ғылыми бағдарламалар дайындады. Инновациялық жобалардың саны артып, ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайды. ҚР БҒМ Ғылым комитеті қаржыландыратын инновациялық өндірістер құру жобасын жүзеге асыру басталды. Мырхалықов Ж.Ү. 2010-2012 жылдарға арналған ҚР химия өнеркәсібін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету» Мемлекеттік бағдарламасын дайындау бойынша жұмысшы топты басқарды.

         Ж.Ү.Мырхалықовтың табысты инновациялық қызметіне орай М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған «Инновациялық Қазақстан» Республикалық жастардың идеялық конкурсы нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының екінші инновациялық жоғары оқу орны болып танылды.

         Мырхалықов Ж.Ү. ғалымдардың аймақтың экономиканың дамуына үлес қосуына ерекше мән береді. Оның басшылығымен ОҚО инновациялық дамуына талдау жасалды, Облысты дамыту бағдарламасына түзетулер енгізіліп, аймақтық экономиканың секторлары үшін инновациялық жобалар дайындалды.

2012 жылғы 17 ақпаннан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды.