Skip to Content

Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті

Факультет деканы

 

Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлы

 

Тарих ғылымдарының докторы

 

Мекен - жайы: Қ. Рысқұлбеков көшесі №1, № 13 ғимарат
Байланыс телефоны: 21-33-47; Факс: 21-01-41

 

►Факультет жаңалықтары

 

►Факультет құрамы

 

 

 

 

Жалпы мәлімет

    Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті университеттің Ғылыми Кеңесінің шешімі негізінде 29.12.2004 жылы құрылды.

    Факультет 11 пән бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) және кешендік тестілеуге дайындық жұмыстарын жүргізеді, ақылы дайындық курсында оқитын тыңдаушылар, шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері және оралмандарға арналған дайындық курсында оқитын тыңдаушылар, шетел азаматтарына арналған дайындық курсында оқитын тыңдаушылар арасында оқу, тәрбие жұмыстарын жүргізеді.

   Факультет мектеп (лицей, гимназия) бітірушілеріне оқу орындарында қазақ немесе орыс тілдері, математика, Қазақстан тарихы, сондай-ақ жалпы тарих, география, қазақ әдебиеті, физика, химия, биология, ағылшын тілі және басқа да жалпы білім беретін және таңдаған мамандыққа сәйкес арнайы пәндерді оқытатын дайындық курстарын ұйымдастырады.

 

Миссия

    Факультет 4 бағытта жұмыс істейді:

    1.Университетімізде күндізгі бөлімде оқып жатқан шетел студенттерімен жұмыстар жүргізу.

    2. Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған дайындық курстары.

    3. Шетел азаматтарына арналған ақылы негіздегі дайындық курстары.

    4. Жергілікті мектеп оқушыларын жоғарғы оқу орнына дайындау.

    Ақылы дайындық курсының басты мақсаттары:

   - шетел азаматтарының ҚР оқу орындарында оқуға бірыңғай ұлттық тестілеуге кіретін пәндерді оқыту барысында алатын мамандығына байланысты дайындығын ұйымдастыру;

  - шетел азаматтарының арасында тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу, Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік құжаттары, білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелері, Қазақстан халықтарының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және мәдениетімен таныстыру;

   - шетел азаматтарына визалық көмек көрсету.

 

Негізгі функциялар мен міндеттер

    Қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қосуға қабілетті студент жастарының жеке өзіндік қасиеттерін жүзеге асыруға және жан-жақты толыққанды дамуына жағдай жасауды қамтамасыз ету факультет дамуының стратегиялық мақсаты болып табылады.

    Факультеттің мақсаттарын орындау келесі мәселелерді шешу арқылы жүзеге асырылады:

    - факультет студенттерінің қоғамдық-белсенді ортасының бірлігі мен тұтастығын сақтау;

    - шетел студенттерімен тәрбие жұмысын ұйымдастыру және өткізу, оларды әртүрлі халықтардың мәдениеті, әдет-ғұрыптары, өмір сүру салтымен, Қазақстан Республикасының заңдары мен нормативтік актілерімен, білім беру ұйымының ішкі тәртіп ережелерімен таныстыру;

    - тыңдаушыларды дайындауда факультеттің оқу орындарымен бірлескен әртүрлі жұмыстарын дамыту;

    - ОҚМУ-ң тыңдаушылары мен студенттер құрамын жинақтау үрдісіне қатысу, оқушылар мен тұрғындар арасында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу.

 

Профессорлық-оқытушылар құрамы

    Факультеттің дайындық курсында ғылым кандидаттары мен тәжірибелі оқытушылар қызмет етеді. Тыңдаушылардың білім дәрежесін арттыру үшін барлық пәндер бойынша модульді технология, оқытудың интерактивті әдісі, виртуалды жұмыстар және ашық сабақтар өткізіледі.

 

         

Студенттік өмір

    Шетелдік студенттер факультетіміздің шығармашылық іс-шараларына да белсене араласуда. Олар өздерінің әндері мен төл туындылары арқылы ерекше қабілеттерін танытуда. Тыңдаушылардың туындылары БАҚ-та, телеарналарда көрініс тауып келеді.

    Университетте шетел студенттерін оқу орнының қоғамдық өміріне тартуға үлкен көңіл бөлінеді. Факультет студенттері республикалық және халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Факультет талантты жастарды тәрбиелеп, университеттің жетістіктерін толықтыруда.

    Сондай-ақ, ИФК-13-к1 тобының студенті Өзбекстандық Әміралиев Атабек Дзюдо бойынша халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

    Сонымен бірге, факультетіміздің мәдени іс-шараларында студенттер мен тыңдаушылардың қатысуын атап айтуға болады. Мысалы, Алтай Бақбер (ҚХР) бірнеше рет әртүрлі конкурстарда жүлделі орындарға ие болды.

 

 

 

  Шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыз ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен тілін және мәдениетін сақтап келе жатқанын осында білім алып жатқан олардың ұрпақтары да дәлелдеп жүр. Мәселен, Қытайдан келген жастар қазақтың «Қара жорға» биін буындарын сыртылдата билеп, ән-күйлерімізді тамылжыта орындайды. Сондай-ақ, қазақ тілінің қаймағын бұзбай сақтаған осы жастар әдебиетке бір табан жақын екендіктерін де байқатуда. Ал, моңғолиялық ағайындар ұлтымыздың ою-өрнегінің байырғы нұсқаларын әкеліп, қолөнер жәдігерлеріміздің еселенуіне үлес қосып келеді.

  Факультетіміздің студенттік деканат басшылығымен ұйымдастырылған белсенді студенттерден құралған студенттік кеңесі бар. Онда жатақхана тынысы, шығармашылық өмір, студенттердің маңызды мәселелері, денсаулығы турасында апта сайын белсенді түрде мәжіліс өткізіледі.

         

Абитуриенттерге

    Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті Қазақстанда тек М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да ғана жұмыс жасайды.

    Факультетте қазіргі уақытта 12 елдің азаматтары оқуда:

    ҚХР

    Ресей

    Түркіменстан

    Өзбекстан

    Қырғызстан

    Тәжікстан

    Армения

    Ауғанстан

    Сирия

    Пәкістан

    Түркия

    Біріккен Араб Әмірлігі

    Сондай-ақ факультетте Моңғолия, Иран елдерінен келген тыңдаушылар мен студенттер оқыған.

  Факультетке қабылданған тыңдаушылар саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, ҚХР, Өзбекстан және Түркіменстан елдерінен 2012-2013 оқу жылында 300 тыңдаушы, ал 2013-2014 оқу жылында тыңдаушылар саны 380-ге жетті.

   Әр пән бойынша оқыту және тестілеу мемлекеттік стандарттың ұлттық орталығы дайындаған тест материалдары негізінде жүргізіледі. Факультеттің ерекшеліктерінің бірі - шетел азаматтары мен шетелде тұратын қазақ ұлтының өкілдеріне жеңілдіктер қарастырылған.

    Жергілікті мектептерде оқитындарды дайындау курсы да көп жетістікке жетіп, республикалық деңгейде белгілі болып отыр. Талапкерлерді көбірек тарту мақсатында қала мектептерінің озық тәжірибелі ұстаздары шақырылып, сабақ беру де жақсы жолға қойылған.

   Шетелдік студенттерге арналған оқу-тәрбие жұмысы университеттің 11 факультетінде барлық мамандық бойынша жүргізіледі. Шетелдік азаматтарға визалық көмек көрсету және тіркеу Қазақстан Республикасының нормативті құжаттарына сәйкес факультет тарапынан жүргізіледі. Дәл қазіргі уақытта факультетте 12 елден келген 636 студент білім алуда.

   Шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған дайындық курстарының жұмысы қазан айынан бастап жүргізіледі. Дәрістер ұлттық бірыңғай тестілеуге кіретін 11 пән бойынша жүргізіледі. Тыңдаушыларға ай сайын 12950 тг. көлемінде шәкіртақы беріледі, сонымен бірге тегін оқулықтармен, жатақханамен қамтамасыз етіліп, университеттің спорт залдарында және Интернетпен жұмыс жасауға мүмкіндік берілген.

    Факультетте шетел азаматтарына арналған ақылы негізде оқытатын дайындық курсы бар. Оқу мерзімі – 6 ай. Оқу ақысы – 172 000 теңгені құрайды. Ақылы дайындық курсына тілек білдерген шетел азаматтарына Орыс тілі, Қазақстан тарихы, Математика, Жалпы тарих сынды сабақтар жүргізіледі. Факультетте алыс және жақын шетелдерден - Сирия, Түркия, Түркменстан, ҚХР, Тәжікстан, Ираннан келген шетел азаматтары білім алған.

    Факультет дайындық курстарында жергілікті мектеп оқушыларын ҰБТ және кешенді тестілеуге кіретін пәндер бойынша дайындайды. Үш пән бойынша (қазақ тілі, Қазақстан тарихы және математика) 1 айға оқу ақысы – 8650, таңдау пәндері бойынша (география, химия, биология, физика, әдебиет, жалпы тарих, шет тілі және т.б.) – 2600. Оқудың жалпы мөлшері 11250 теңге (4 пән). Дайындық курсында оқитын мектеп оқушылары оқуда үлкен жетістіктерге жетуде. Курста оқитындардың дайындық деңгейі жұмыс қорытындысында жақсы біліммен дәлелденеді. Дайындық курсынан дәріс алған тыңдаушылар көп жағдайда (95 %) жоғары оқу орындарының грант иегері атанады.



Абзал Орымбетов | page