Skip to Content

Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) бөлімі

  

Университет"  газетінің   редакторы Зорина Ольга

Мекен-жайы: Шымкент қ., Тәуке хан көш., М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Бас Ғимараты, 263

Байланыс телефоны: 30-08-40

      

"Университет"  газетінің корреспонденті  Сералиева  Мадина

 

КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

    2014 жылдың  сәуір айында «Университет» газетінің жарыққа шыққанына 57 жылдың жүзі толып отыр. «Университет» газетінің тарихына аз-кем тоқталар болсақ, оның алғашқы саны «Инженерлік мамандар үшін»   («За инженерные кадры»)  деген атаумен шыққан болатын. Әрине, ол кезде оқу орнымыз әлі университет мәртебесін иеленбеген еді. Дегенмен ҚазХТИ сол уақыттың өзінде республикадағы  беделді жоғары оқу орындарының бірі саналатын. Міне, осы кезеңнен бастап  бұл басылым университет өмірінің тірі куәгері болып келеді.

    «Инженерлік мамандар үшін» газетінің сол кездегі талабы бойынша саяси орган ретінде партия миссиясын қызу қолдағанына сарғайған парақтар дәлел бола алады. «Қызу қолдаймыз!», «Партияны мақтан тұтамыз!», «Біздің қадамымыз нық», «Лениннің естеліктері» деген секілді айдарлар негізінде тұрақты түрде мақалалар беріліп отырған. Ол уақытта барлық кеңестік азаматтар секілді студенттер де жұмыс істеп қана қоймай, сонымен қатар коммунизмді құрумен де айналысу үстіндеміз деген сеніммен өмір сүрді. Әрине, әр заманның өз артықшылықтары болмай қоймайды. Сол артықшылықтар мен жетістіктер, университеттің жұлдызды сәттері газет беттерінде мәңгіге тарих болып қалды.

     Уақытпен бірге ұрпақ та өзгереді. Заманымызға нарық талабы енгелі бүгінгі жас ұрпақ Лениннің том-том өсиеттерін жаттап, съезде оқыған ұзын-сонар баяндамаларының мәтінін қайталап уақыт өткізгісі келмейді. Ол түсінікті де.

       Жетістікке қалай жетуге болады, әлемде қандай жаңа табыстар бой көрсетіп жатыр, сабақтан тыс уақытта қалай табыс табуға болады, міне, қазіргі студенттер жастар уақытын осы секілді маңызды істерге жұмсағанды жөн көреді.

     Бүгінгі таңда «Университет» газеті Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларындағы тапсырмаларын орындауды негізгі мақсаты санай отырып, студенттердің мемлекетіміздің қоғамдық өміріне біте арласуына, өздерін толғандырған мәселелерді газет арқылы көпшілікке жеткізулеріне барлық мүмкіндікті жасап келеді. Студенттердің шынайы досы болу, өзекті мәселелерді көтеру, әрдайым жастар жүрегіне жол табу жолында газет ұжымы еселі еңбек етуде.

 

«УНИВЕРСИТЕТ» -СТУДЕНТТЕР ЖАЙЛЫ ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМ!

     Еліміздің ертеңі, болашақты  ұлы көшке жетелеп апаратын - жастар. Ұлы қадамдар мен бетбұрыстар бойында жалыны бар жастармен жасалатынына тарих куә. Жалпы, баянды болашақты көксейтін мемлекет жастар саясатына ерекше ден қоятыны сөзсіз. Дегенмен жастарға байланысты проблемалар қай заманда болмасын таусылған емес және ол таусылмайды да.

     «Университет» газетінің негізгі тақырыбы студенттердің өмірімен тығыз байланысты болғандықтан, жастар мәселесіне қатысты барлық жайт басылым назарынан тыс қалған емес. Соның ішіндегі ең маңыздысы ретінде білім мен спорт саласын, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін көбірек қозғайтыны рас.

     Газеттің басты мақсатының бірі – студенттердің білімді әрі дені сау маман болып қалыптасуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да өз септігін тигізу, тура жолдан абайсызда адасқандарға жол көрсету. Міне, «Университет» басылымы өз ғұмырында осы тақырыптарды үздіксіз қозғаумен келеді.

     Жастар - қашан да мемлекеттің қолдауына мұқтаж саналатын буын. Сондықтан оларға қатысты проблемалар үнемі басты назарда болады. Студенттерге байланысты қандай мәселе күн тәртібіне шықса, сол жайт газеттің негізгі тақырыбына айналады. Жоғарыда айтқанымыздай, білім мен салауаттылық жайы басты назардан түскен емес. Сонымен қатар студенттер сабақтан тыс уақыттарын қалай тиімді өткізеді, демалыс кезеңін босқа өткізбей, әрі пайдалы жұмыс істеп, әрі өзінің қажетін өтей алатын қаражат табу мәселесі, жатақхана өмірі, ондағы ахуал, кітапхана мен студенттер арасындағы  тығыз байланыс орнатудың жолы, өнерлілер өрісін кеңейту, сұлу сезімін қағазға өлең жолдарымен түсірген жастардың шығармалары газет бетінен үнемі көрініс табады. Түрлі кездейсоқ қауіп-қатерден қорғану амалдары, студенттердің қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстауы жайлы ойлары, талап – тілектері маңызды мәселе ретінде газет беттерінде жиі көрініс береді. Айта берсек, студент жастарға қатысты мәселелер осылай жалғаса бермек. «Университет» газетінің  қозғаған тақырыптарының қаншалықты өзекті екенін осыдан да аңғаруға болады.

     Қорыта айтқанда, «Университет» газетінің жүрегі жастардың жүрегімен бірге соғады. Жастарға қатысты кез келген мәселе -  газет мәселесі. «Университет» газеті – студенттер жайлы және студенттерге арналған басылым!

 



Абзал Орымбетов | page